«Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңы күшіне енді. Аталмыш заңның мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланды.
Бұл заң Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мəртебесін, құзыретін жəне қызметін ұйымдастыруды айқындайды. Осы жылдың мамыр айында оны Парламент қабылдап, Қазақстан Президенті 5 шілде күні заңға қол қойған болатын. Құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған.
«Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау жəне олардың іске асырылуын бағалау болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамасына жəне Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сəйкес өзге де міндеттерді орындайды», – делінген Заңда.