Астананың шұрық тесік жолдарын жөндеу үшін триллион теңге қажет. Әсіресе, шет жақтағылардың жағдайы қиын. Кей жерлерінде тіпті көше де салынбаған. Ал алтыншы шілде қала күні қарсаңында шенеуніктер бар қаржыны Есілдің сол жағалауына құйып, жалтыратып жатыр. Ал Елорданың шетіндегі тұрғындарға триллион табылғанша, жол азабын тарта тұруға тура келеді екен.
Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, Астанада жаңадан салынатын немесе қайта жөндеуді қажет ететін 91 көше бар екен.
Ақмола Астана атанғалы бұл маңайға асфальт түспегенін осы көрінісі айғақтап тұр. Қала әкімі Әсет Исекешев оның бәрін мердігерлерден көреді.
“Мердігерлер сапасыз битум қолданып, жұмысын нашар істейді. Жолдың салыну технологиясы да дұрыс сақталмайды. Мәселен, асфальт төсеген кезде кем дегенде үш күн +15 градус болуы керек. Ал біздегі ауа райы оған мұрша бермейді”,-дейді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Ал әкімнің өзі жүретін қаланың ішінде ойлы-қырлы жол табу қиын. Өйткені, өңкей шенді-шекпенділердің алдында бір масаттануға бұл да таптырмас амал. Тақтайдай тегіс асфальтты тек қаланың орталық көшелеріне сала беріпті. Бірақ, Елорданың шетінде мынадай көшелер болмау керектігін әкім жақсы түсінеді.
“Біздің міндетіміз, осы екі жылда қаланың айналасын түгел асфальттап шығуымыз керек. Қазір арнайы зертхана аштық. Ол жолдың сапасын тексеретін болады. Сөйтіп, шетелдік мамандардың көмегімен осы жұмыстарды атқарайын деп отырмыз”,- дейді Астана әкімі.
Әкімнің айтуынша, Астананың жолдарын қалыпқа келтіру үшін триллион теңге керек. Ал әлгі жаңадан салынатын немесе жөнделетін 91 көшенің 70-тен астамы осы шеткері аумақтарда екен. Ол жақтарға жолды сапалы салу үшін шетелден арнайы маман алдырайын деп отыр.