12 жасқа толмаған балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-аналарды жазалау қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Мәжілісте Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде атқарған жұмысы жайында баяндаған Зағипа Балиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта жұмыс тобы ата-аналардың 12 жасқа толмаған балаларын қараусыз қалдыруға құқығы болмайтындығын көздейтін норма әзірлеп жатыр. Егер ол 12 жасқа толмаса тіпті үйде де жалғыз қала алмайды», – деді ол.
«Балаларымызды қорғайтын бірде-бір заңымызда зорлық-зомбылыққа тыйым жоқ екенін ойланыңыздар. Баланы өлтіргені, соққыға жыққаны үшін ғана қылмыстық жауапкершілікті көздейтін бап қана бар. Біз әзірлеп жатқан заңнамада кемсітушілік дегеніміз не, зорлық-зомбылықты шектеу, ата-ана жауапкершілігін көтеру сынды мәселелер болады», – деді Зағипа Балиева.
Айта кетерлігі, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі елімізде балалар судьясы, прокуроры мен тергеушісі институтын енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Сондай-ақ Зағипа Балиева депутаттардың алдына суицидтен құтқарылған қызды алып келді. Бетперде киген қыз мәжілісмендерге өзінің тағдыры туралы айтып берді.