Репрессия кезінде Қостанай облысында жеті мыңнан астам адамға жалған жала жабылып, соның екі мыңы атылып кеткен. 1931-1932 жылдардағы алапат аштықта да аймақ халқы қынадай қырылды.
Нәубет әсіресе күні тек төрт түлікке қараған Торғай өлкесіне қиын тиді деп хабарлады Хабар-24.
Алмас Әбсадық, филология ғылымдарының докторы:
– Адамдардың тышқан, кірпі, тіпті адамның өзін жегендігін айтып отыратын. Ол сөздер құлағымызда қалған. Әжеміздің өзі қоңдылау кісі болған. Соны сойып жеп қояды деп қорыққан.
Қазір осының бәрі ашық жазыла бастады. Құпия мәліметтер де ғалымдардың қолына тиді.
Алмас Әбсадық, филология ғылымдарының докторы:
– 1930 жылы Қазақстанда 5 млн 873 мың тұрғын ауылдық жерде тұрған деп береді да, енді 1933 жылға келгенде 2 437 500 деп көрсетеді. Осы дерекке қарасақ, 3 млн 300 мың адам құрбан болған, әрине оның бәрін қазақтар деп есептемейік, кемінде 500 мыңын алып тастасақ, сонда бізде 3 млн, 2 млн 800 адам құрбан болды деп айтуға болады. Бұл қолдан жасалған саясат еді.
Аштықтан әзер ес жиған елге сталиндік репрессияның қара бұлты төнгені белгілі. Бұл науқан ұлттың бетке шығар қаймақтарын қалқып алды. Ғалихан Мәулетов ғұмырының ұзақ жылын саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеуге арнады. Құпия құжаттарды ақтарды. Жиған-тергенін бірнеше кітап қылып бастырды. «Мұның бәрі коммунисттік партияның жоспарлы ісі» дейді қаламгер.
Ғалихан Мәулетов, қуғын-сүргін құрбандары тағдырын зеттеуші:
– Мұнда партия нұсқау беріп отырды, қай облыста қанша адамды ату керек, қаншасын итжеккенге жіберу керек, сосын облысқа келіп түскен тапсырманы аудандарға бөледі, соны НКВД орындайды. НКВД-ны мұнда мақтауға болмайды, олар заңсыз бұйрықты орындағандар. Бірақ қуғын-сүргінді бастаған партия. Кеңестік қудалау ұлттың генофондына, руханиятына өлшеусіз кесірін әкелді. Мұны өскелең ұрпақ біліп өсуі парыз.
Қаралы дәуірді еске салып тұру үшін Қостанайда саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған монумет орнатылған.