Алматыда 4 жасар ұл бала жоғалып кетті, – деп хабарлайды Алматы ІІД баспасөз қызметі.
ІІД мәліметінше, 2014 жылы туған Көмеков Арсен 17 мамырда Алматы қаласы Алатау ауданындағы Шаңырақ шағын ауданында жоғалып кеткен. Ол күннің екінші жартысында үй қоршауының сыртында ересектердің қарауынсыз ойнап жүріп, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
“Баланың жоғалып кеткенін оның туыстары түнгі сағат он шамасында хабарлады, олардың өз бетінше іздеген жұмыстары нәтиже бермеген. Қылмыстық полиция, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция, учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік полиция, арнайы дайындалған иттерімен кинологтар және Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлерінен шұғыл түрде іздеу тобы құрылды. Бастапқыда олар 23 болған, қазір топ саны 34-ке жетті. Баланы іздеуге жұмылдырылған полицейлердің саны жүзден асады”, – деп хабарлады Алматы ІІД ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
“26 600 үйді аралап, 18 мың адамнан сұралды. Бір әйел сол күні кешкі сағат 20.00 шамасында дүкеннің жанында жылап тұрған баланы көргенін бірақ, неге екені, назар аудармағанын айтты. Мамандар осы шағын аудандағы видео бақылау камераларындағы мәліметтерді тексеріп жатыр”, – деді Әзірбек.
Балаға қатысты мәліметтер жақын маңдағы аудандар мен облыстарға таратылды. Полицияның хабарлауынша, Арсен жоғалып кеткен күні оның үстінде қара түсті футболка болған, кеудесінде қызыл жолақтары бар, қара көк түсті трико, аяғында қара түсті кроссовка болған. Баланың бойы – шамамен 100 сантиметр, ерекше белгілері жоқ.
“Балаға қатысты қандай да бір мағлұматы бар немесе кездескен азаматтар болса мына телефон номерлеріне хабарласуды сұраймыз: 227-55-00; 227-55-01; 227-55-02; 8-701-523-17-07 немесе 102”, – деді Әзірбек.