Біздер, қазақстандықтар оптимистерміз деп санаймын және біз болашаққа оптимизммен қараймыз. Бұл жөнінде Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
«Шикізаттық ресурстардан өзгеше балама индустрияларды құру, жастарға білім беру, сәйкес жоғары оқу орындарын құруға деген ұмтылыс пен ося һлардың аясында жасаған жұмыстарымыздың барлығы бүгінгі күнге деген дайындық. Сондықтан, Черчилль мырзаның сөзімен айтар болсам, «пессимист барлық нәрседен тек жаманды іздесе, оптимист тек жақсыны көреді».
Біздер, қазақстандықтар оптимистерміз деп санаймын. Небәрі 20 жасқа толғалы тұрған мына қалада бүгінде 1 млн астам адам тұрады және тұрғындардың орташа жасы дәл Қазақстандағыдай 32 жасты құрайды. Яғни, біз болашаққа үлкен оптимизмен қараймыз. Себебі, Қазақстан көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды алатын үлкен мемлекет. Бірақ, халық саны мен экономикасы бойынша аса үлкен емес.
Алайда, біздің экономикамыздың көлемі Орталық Азиядағы басқа елдермен тұтастай салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Біз мұны мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, ел экономикасы аса үлкен болмағандықтан, Қазақстан алда тұрған өзгерістерді оңай игереді деп сенеміз. Жаңа технологиялар, техникаларды игерген елдер қатарында болғымыз келеді», – деді Назарбаев.