Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қосымша гранттар саны туралы ақпарат бір айдан кейін жарияланатынын айтты. Ол президент тапсырған 20 мың грантты қандай мамандықтарға жұмсайтыны туралы жазылған жобаны таныстырды.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастамасын жариялаған кезде, жастарға қамқорлық ретінде қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырған болатын.
“Жол картасына сәйкес, министрлік қосымша оқу гранттарына қатысы ұсыныстарын қаулы жобасы түрінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жоғары оқу орындарына жолдады. Қазіргі таңда министрлік олардан тиісті жауап күтіп отыр. Сол жобаға сәйкес 11 мың грант техникалық мамандыққа, 5 мың грант басқа мамандықтарға, 3 мың грант магистратураға және мың грант PhD бағыттарға бөлінеді”, —деді министр.
“Біздің ойымызша, осы гранттардың санын жобалық болжам ретінде барлық министрлікпен келісіп, бір айдың ішінде жариялау керек. Халық оны күтіп отыр. Сосын бюджет заңнамасына, нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізу қажет”, — деді министрлік басшысы.