Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының күш құрылымдары жүргізген кең ауқымды арнайы операцияның егжей-тегжейлі мағлұматы мен видеосы жарияланды.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Бас прокуратурасының үйлестіруімен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының арнайы жасағымен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының өзінде кең ауқымды арнайы операция өткізілді.
Арнайы операцияға күш құрылымдары ұзақ уақыт бойына дайындалған боп шықты.
“35 күдікті ұсталды, арасында Қырғыз Республикасының үш азаматы бар. Кеден органдарының лауазымды қызметкерлері, шекара қызметі, брокерлер, делдалдар және ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері, 33 адам сот рұқсатымен тұтқындалды.
Арнайы операция ұзақ уақыт даярланды.
Қазақстан-Қытай шекарасында Алтынкөл, Қалжат және Қорғас, қазақ-қырғыз шекарасында Қарас, Қордай және өзбек-қазақ шекарасында Сарыағаш, Қазығұрт, Атамекен, Қапланбек кеден бекеттері арқылы халықтың тұтынуындағы тауарлардың контрабандалық жолмен тұрақты өткізіліп тұрғаны анықталды”,
– дейді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова.
Жалған құжат арқылы елге тауар кіргізген күдіктілерге кедендік қызметтің кей лауазымдылары құжатты арзан рәсімдеп, жүкті өткізіп беріп отырған. Тауарлар Қазақстанның және Ресей Федерациясының ірі қалаларына жөнелтілген.
Еске салайық, 15-16 ақпанда Қазақстанның күш құрылымдары Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында кең ауқымды арнайы операция жүргізді. Ұсталған 33 адамның үшеуі Қырғызстан азаматы, ал олардың бірі көрші елдің парламентариі болып шықты.