Астана әкімі Әсет Исекешев бірнеше адам қаза болған соңғы жол апаттарының себептерін саралап, оларды жою бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігінде кезекті аппараттық жиналыс өтіп, онда Астана қаласының Ішкі істер департаментінің басшысы Марат Қожаев есеп берді.
“Өкінішке қарай, осы аптада жол-көлік оқиғасының саны артып отыр. Жалпы, өткен аптада 11 факт тіркеліп, салдарынан 16 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алды және екі ірі жол-көлік апатынан 4 адам қаза тапты. Ал таңғы сағат 8:00-де әуежайға барар жолда қызды көлік қағып кетті. ІІД жедел-тергеу тобы тез арада оқиға орнына жетті”, — деді М. Қожаев.
“Қауіпті жол өткелдерін жою бойынша жұмыстарды жеделдетіп, бұл мәселені тез арада шешу керек”, – деді Астана әкімі.
26 қаңтар күні кешке Астанада Амман көшесіндегі “Мечта” дүкеніне қарама-қарсы бетте жол апаты болып, үш адам қаза тапты. “ВАЗ” автокөлігі Toyota Runner жол талғамайтын көлігімен соқтығысты. Алдын ала мәліметтер бойынша, ВАЗ жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған.
Ал 25 қаңтар күні кешке Сарайшық көшесіндегі көпірде болған жол апатынан жас жігіт қаза тапты. “ВАЗ-21140” жүргізушісі Сарайшық көшесі бойындағы көпірмен келе жатып, көктайғақта рөлге ие бола алмай қалады да, қарсы бағыттық қозғалыс жолағына өтіп кетіп, Toyota Camry көлігіне соғылады.