Соңғы кездері Қазақстан азаматтары шетелге көптеп кете бастады. Оның ішінде белгілі саясаттанушы Уәлихан Төлешов, Америкадан ат басындай қалап алдыртқан атақты профессор Кен Әлібек, танымал қажыгер Марғұлан Сейсембаев та бар.
Иә, өкініштісі сол. Елге керек, басы істейді деген адамдар да кетіп жатыр. Лек тоқтар емес. Шетелге кетуге өтініш білдіріп қойған қаншама білімді жастарымыз да бар.
Мұның бәріне не болды? Ай аман, күн тынышта жылы орындарын суытып, өз Отанынан жерінгендері несі?
Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай kaz.365info.kz медиа порталына берген сұқбатында мұның себебін былай түсіндірді:
“Елбасының айтып жатқаны дұрыс. Жастар – болашығымыз. Пафос болса да мұны мойындау керек. Жастармен көп жұмыс істеймін ғой, бірақ олардың көзінде от жоқ, ынта-жігер, алға ұмтылу, мотивация деген жоқ. Осы мені қатты алаңдатады. Рас, қазір кез келген жастың қызметте өз бетімен көтерілуі қиын. Карьералық саты бойынша модель аз, тіпті жоқтың қасы.
https://kaz.365info.kz/zhynymdy-shygardy-khazakhstanga-oralgan-atakhty-galym-khajtadan-shetelge-ketip-khaldy-291916
«Коктейль Молотова», «Анатомия Казахстанского молодежа» деген еңбектерде осы жақсы айтылады. Біздің қызметте көтерілу сатысы деп жүргеніміз не? Шенеунік, бизнесмен, той бизнес. Болды. Ғылымда жұмыс істеп жүрмін ғой. Мұның өзі ғылыми тұрғыда модель ретінде айқындалмаған.
Мысалы, Қазақстан жасы «Осы бір жұмыста 5-6 жыл отырсам пәтерім болады, жағдайым жақсарады, одан соң балаларыма жағдай жасай алатын деңгейге жетемін» деген сенім болуы керек. Ал бізде ондай бар ма өзі?.. Жоқ. Өзге түгілі ғылым саласындағылардың жағдайы мүшкіл. Мойындау керек қой, ғылым саласында жұмыс істейді, жұмыстан кешкі 6-да шығып «таксовать» етеді.
Міне, біздің ақиқатымыз!”.
Әрине, бұл Қазақстан үкіметі сапалы адам капиталын құруға бет бұрмаған деген сөз емес деген саясаттанушы бұл реттегі билік алған істің неге сәтсіз аяқталатынын да ашып айтты.
“Ақша бөлінеді, бірақ қазақстандық өнім жоқ. Планшет тағы басқасын Қытайда шығарады, бірақ «Қазақстанда жасалған» деген таңба қойып қояды. Бұл ешкімге жасырын емес, әрине өкінішті.
ІТ парк, Кремний алқабы секілді жасағысы келеді біздің Үкімет. Бірақ ол қолдан келмей жатыр. Неге? Мәселен, америкалықтар қателік жіберуден қорықпайды. Оларда бастаған жобаларын аяғына дейін ғалымдар жеткізіп, өз жұмысын көрсетеді. Жұмыс беруші мұның 9 жобасы сәтсіз болса да оныншысы жүреді деп ойлайды. Ал біздікілер о бастан өтірік істейді. Түйіндемесін жас кезден өтірік толтырады. Анда-мында істедім деп. Ал қателіктерін жасырады, одан қашады.
https://kaz.365info.kz/ojtken-patriotizmi-khyrysyn-khazakhstannan-ketip-zhatkhandar-kim-289506
Қателікке бой алдырудан қорықпаған адам бір нәтижеге, керемет жобаны дүниеге әкелуге сеп болады. Әлем мойындаған жобалар осылай пайда болады. Кремний алқабында олар осылай шоғырланады. Соның арқасында Американың бюджетіне олар миллиардтаған табыс әкеп жатыр. Ал бізде қателік жасаудан қорқады. Сондықтан біздікілер дайын дүниені ұрлағанды жөн көреді.
Адами капитал деген адамның бойындағы жақсы қасиеттерді дұрыс бағытқа тиімді пайдалана білу, көз бояушылықпен айналыспау. Бұл бізде жоқ қой.
Әрине, жалпылама айтып отырмын мұны. Біздегі жалпы көрініс осы”.
Мәселе себебіне осылай үңілген саясаттанушы оны түзеудің жолын да көрсетті.
– Басты себеп біздің құрған институттар дұрыс жұмыс істемейді. Бізде қалай? Жобалар, реформалар күткен нәтижені бермейді. Ол сәтсіздіктерді географиялық детерминизм тұрғысынан түсіндіруге тырысады.
Ашығын айтқанда, адами капиталды ескермейді, оның орнына «біздің климатымыз келмейді, сондықтан біз дами алмай отырмыз» деген секілді сылтаулар айтады. Біз дамыған елдерді ешқашан қуып жете алмаймыз дейді.
Немесе басқа, мысалы мәдени тұрғыдан түсіндіреді. Ал қоғамның дамушы адам капиталы екенін ешкім ескермейді. Ал адами капиталдардың қажеттігін мойындаса онда әлеуметтік институттарды әлдеқашан жұмыс істету керек еді. Өкінішке қарай, әділ жолмен нәпақасын табатын адамдар сұранысқа ие емес бізде. Мұны мойындау керек. Орны толмас өкінішке жол бермес үшін Үкімет осы жағына назар бұрып, институттардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалауы тиіс, – дейді Бақытжан Бұқарбай.
https://kaz.365info.kz/omirde-zhalkhau-tosekte-mylkhau-kedej-taksistin-ajeli-boludan-sharshadym-286830