Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Бочарниковтың Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, оның Қазақстандағы дипломатиялық қызметіне ризашылық білдірді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Ресей Федерациясының елшісі Михаил Бочарниковпен кездесті.
– Сіз Ресейдің Қазақстандағы елшісі ретінде 11 жыл қызмет атқардыңыз. Бұл жылдар ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас нығайды. Біз дипломатиялық байланыстарымыздың 25 жылдығын атап өттік. Өңіраралық ынтымақтастығымыз дамып, жоғары деңгейдегі сапарлар мен кездесулеріміз жиілей түсті. Біздің серіктестігіміз – мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын мысалы, – деді Қазақстан Президенті.
– Біз халықаралық деңгейде бір-бірімізді қолдаймыз. АҚШ-қа сапарым кезінде Ресей мен Америка арасындағы қарым-қатынас мәселесіне зор мән бердім, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Михаил Бочарников екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтып, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі белсенді қызметіне тоқталды.
– Қазақстанда 11 жылдан астам атқарған қызметім барысында елдеріңізге деген ризашылық сезімім арта түсті. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы және бұл органға төрағалық етуі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі елдеріңіздің маңыздылығын көрсетіп отыр, – деді Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі.
Сонымен қатар Михаил Бочарников екі елдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығының нәтижелері мен алдағы перспективаларын атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Бочарниковты «Достық» орденімен марапаттады.