Ақтөбеде балиғат жасына толған үздік оқушы орамалын шешіп, мектеп формасына көшті.
Оқушының анасы балиғат жасына толған қызының білім алуына кедергі келтіре алмайтынан жеткізген, – деп хабарлайды NUR.KZ.
Ақтөбе облысында дін жолында жүрген ата-аналармен мектеп формасына қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Облыстық дін істер басқармасының басшысы жұмыстың нәтижелі екенін де хабарлады.
«Кеше ғана Мұғалжар ауданында бір ата-ана қызына мектеп формасын кигізді. «Балам өте жақсы оқитын еді. Мен баламның біліміне кедергі келтіргім келмейді. Балиғат жасына толса да баламның білім алуы міндетті екенін түсіндім» деді. Сол ата-ананың баласы бүгінгі күннен бастап сабаққа мектеп формасымен қатысып жүр. Ол баланың жасы 15-ке толған», — дейді облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.
«Облыстық дін істер басқармасы тарапынан мектеп формасына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін екі күн іс сапарда болдым. Алға ауданында 20-ға жуық, Мұғалжар ауданында 35-ке жуық азамат және азаматшалармен кездестік. Ата-аналарды мектептің ішкі тәртібіне бағынуға шақырдық»,-деді Жолдас Қалмағанбетов.
Ақтөбе облысында сабаққа орамалмен келіп жүрген жүзден аса оқушы мектеп формасына көшкен. Мектеп формасын сақтамай отырған оқушылардың саны Алға, Мұғалжар, Темір аудандарында көп.