Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының сөзін жазған авторларының бірі Қадыр Мырза Әлі тірі болса бүгін 83 жасқа толар еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қадыр Ғинаятұлы 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде өмір есігін ашқан. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1958 жылы бітіріп, еңбек жолын «Балдырған» балалар журналында әдеби қызметкер болып бастаған. Кейін «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы болған. Бұл қызметінен кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болып еңбек еткен.