Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың жұбайы Бибәтіш Жүнісқызы Алматыда қайтыс болды.
Қайғылы хабарды «Егемен Қазақстан» басылымы жеткізді.
Халифа Алтаймен 51 жыл отасып, төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеген Бибәтіш Жүнісқызы 1932 жылы Алтайда өмірге келген. Қытайдан Үндістанға үдере көшкен қазақтардың қатарында Манисаны паналап, кейіннен Түркиядан тұрақ тапқан Халифа Алтайдың отбасы Қазақстан тәуелсіздігін жариялай салысымен 1991 жылы атажұртқа көшіп келді.
Айта кетелік, Халифа Алтай көптеген діни және тарихи кітаптардың авторы. “Сияр нәби”, «Қазақ түріктерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолияға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары жарық көрген. Ол кісінің 1991 жылы аударылып, Фахд баспаханасынан басылып шыққан Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі 800 мың данамен таратылған.