Қазақ жерінен табылған «Алтын адам» алғаш рет шекара асып, шетелге шығарылды. Енді ұлы даланың төсін кезген көшпенділердің өнері күллі жаһанға көрсетіледі.
«Алтын адам» әлем музейлерін аралайды» деп аталатын халықаралық жобаның алдымен ат басын бұрған өңірі – Беларусь Республикасы деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
Алла Гаврилова, Беларусь Ұлттық көркем мұражайының жетекші ғылыми қызметкері:
– Бұлар – түпнұсқалар. Менің ойымша, біздің көрермендер бұл жәдігерлермен алғаш рет танысайын деп отыр. Тіпті бүкіл ТМД елдерінің ішінде бірінші десем де болады. Ал мына «Алтын адам» – көрменің басты жәдігері. Ол қазір қала көшелерінің барлық жарнамалық тақтасында ілініп тұр. Өйткені соған лайық.
Сақ алтындары 1969 жылы Алматыға жақын жерде табылды. Сақ көсемінің жерленген орнын әйгілі қазақстандық археолог Кемал Ақышев бастаған экспедиция ашты. Қолбасшының бас және үстіңгі киімінің әшекейлері сол қалпында сақталған. Бұл «Алтын адамды» жинап, құрастыруға мүмкіндік берді.
Елена Сенькевич, Беларусь Ұлттық көркем мұражайының жетекші ғылыми қызметкері:
– Сіздің елде табылған мына экспонаттар туралы тарихқа қанықпын. Қазақстан үшін өте маңызды болып саналатын бұл жаңалықты Мысырдағы Тутанхамон қабірінің табылуымен салыстыруға болады.
Мұражай қызметкерлері де мұндай жәдігерлердің өз залдарында бұған дейін ешқашан қойылмағанын айтады. Экспонаттар аса құнды болғандықтан көрме үшін оқ өтпейтін шынылар жасалды. Жәдігерлер 10 млн еуроға сақтандырылған. Ал Беларусь тұрғындары әлемдегі ежелгі алтын жәдігерлер топтамасын айдың аяғына дейін тамашалай алады. Содан кейін ол Еуропа мен Солтүстік Америкаға сапар шегеді.