ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев технологиялық жаңғыртуды жақсылап жүзеге асыру үшін адам капиталын дамыту қажеттігін айтып өтті. Осы орайда, Елбасы кәсіби мамандардың санын көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
«Елімізде білім мен ғылым салалары индустрияландыру мақсаттарына сай болуы қажет. Кәсіби әрі білікті мамандар болмаса, ешқандай индустрияландыру да, цифрландыру да жүзеге аспайды. Сол себепті, кәсіби мамандарды тірнектеп жинап, нақты мақсаттарға жұмылдыру керек. Олардың ойлап тапқан технологияларын қолданысқа енгізгеніміз жөн. «Болашақ» бағдарламасы да, Назарбаев университеті де, жалпы барлық университет осы талаптарға сай жұмыс істегені жөн. Зияткерлік мектептер дарынды балаларды іріктеп жатыр.
Негізінде, қазір жұмысты 25-30 жастағы азаматтарға беру керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ.
Бәрімізді алға жетелейтін солар. Кедергі жасамай, оларға жол беруіміз керек», – деді Президент.
Мұнымен қатар, Елбасы жуырда өзі кездескен «100 жаңа есім» жеңімпаздарының ойлау қабілеті озық әрі ерекше екенін айтып өтті.
«Жақында «100 жаңа есім» тізіміне кірген азаматтармен кездестім. Онда мен мүлдем басқа адамдарды көрдім. Олар заман талабына сай ойлайды, көзқарастары да басқаша. 18-20 жастағы балалар көп адамның қолынан келмейтін нәрселерді жасап жүр. Мысалы, бір жігіт университет жертөлесінде отырып арнайы розетканы ойлап тапты. Осының арқасында энергияның 30 пайызын үнемдеуге болады. Шетелде оны бірден байқайтын еді», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.