Астанада жолақы төлеуге ақшасы болмаған қызды елсіз жерде түсіріп кеткен кондуктор жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан “Астана LRT” компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Біз қызметтік тексеріс жүргіздік. Автобус камерасынан видеожазбаны алдық. Камерада “Астана Арена” аялдамасында №303 автобусқа қыз мінгені көрінеді. Қыздың ақшасы болмаған екен. Өкінішке қарай, камера дыбысты жазбайды, сондықтан кондуктор оған не айтқаны естілмейді. “ЭКСПО Плаза” аялдамасында қыз автобустан түсіп қалған”, — деп хабарлады Sputnik Қазақстанға баспасөз қызметі.
“Аялдама шынымен де біршама алыс, елсіз жерде орналасқан. Этикалық нормаға сүйенсек, баланы түсіріп кетудің қажеттілігі жоқ еді. Кондуктор сыйақыдан қағылды, қатаң сөгіс жарияланды”, — деп толықтырды баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын Facebook-те қараша айының ортасында №303 бағдардағы автобусқа мінген қыздың анасы шағымданған болатын. Айтуынша, ақшасын жоғалтып алғандықтан баласын айдалада автобустан түсіріп кетіпті. Қыздың ұялы телефонының қуаты таусылып, анасына қоңырау шала алмай, жылаған. Осы кезде сол маңда бір адам жолығып қалып, жолақыға ақша берген.