Біз бұл туралы бірталай рет жаздық. Әлі де жазамыз. Себебі, өзектілігі өлген жоқ әлі де. Әлі де қауіпті, біздің ел үшін. Әлі де терең зерттеуді қажет етеді, бұл мәселе.
Qamshy.kz порталына сұхбат берген ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы осы сауалдардың ақ-қарасын ажыратып, “сәләфилік” ағымның 10 қателігін айтып беріпті. Ықшамдап ұсындық.
Сонымен Ұтысханұлы не дейді?
Сәләфилік ағымының басты қателіктері мен адасушылығы мыналар:
Біріншіден,
құлшылық етпеген мұсылманды кәпір санайды.
Екіншіден, таухидті үшке бөлу арқылы мұсылмандарды сенім тұрғысынан адасушылықпен айыптайды. Алайда, ешбір ғалым және төрт мәзһабтың сенімінде де бұлай үшке бөліп, түсіндірмеген.
Үшіншіден, әһлу сүннет жолын ұстанушы матуруди және әшғари сенім мектеп өкілдерін адасушылықпен айыптайды.
Ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандардың матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны белгілі.
Демек, олардың сенімі бойынша
кімде-кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, яғни,әһлу сүннетке жатпайды.
Бұл – өрескел қателік.
Төртіншіден,
әулиелерге зиярат етуге қарсы шығады.
Әулиелердің кесенелеріне барып, зиярат жасағанды, дұға еткен адамды мүшрик, кәпір болады деп санайды. Сол себепті кесене салу, әруақтардың рухына садақа атауды ширк деп есептейді. Мешіттерге садақа беруге тыйым салады.
Бесіншіден,мәуліт мерекесін атап өтуді бидғат санайды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған күнін мұсылмандардың надандары мен адасқандары ғана тойлайды, ондай әрекетті яһудилерге ұқсау деп есептейді.
Алтыншы, буквализмді ұстанады. Құран мен сүннеттегі Алла Тағаланың сипаттарын тікелей мағынада түсініп, жаратылысқа ұқсатады әрі құлшылыққа қатысты аят-хадистерді тікелей (заһири) мағынасында түсініп, амал етеді. Ал, әһли сүннет ғалымдары қажет жағдайда аяттарды тікелей мағынасымен емес, астарлы (мәжази) мағынасында қабылдаған.
Жетінші, сопылық жолды мансұқтайды. Дұрыс сопылық жолды ұстанушыларды да адасқандар деп айыптайды.
Сегізінші, бидғат түсінігін орынсыз қолданады. Бидғат ұғымын орынсыз қолданып, ғибадатқа еш қатысы жоқ кейбір іс-әрекеттерді де бидғат санайды. Осы арқылы мұсылмандарды адасушылықпен айыптайды.
Тоғызыншы, мәзһаб ұстануды бидғат санайды. Фиқһи мəзһабтарға еріп, олардың жолын ұстануды жоққа шығарады.
Оныншы, жергілікті халықтың салт-дәстүрін, мәдениетін қабыл етпейді.
Он бірінші,
зайырлы мемлекетті, конституцияны, мемлекеттік рәміздерді мойындамайды, әскери антты қабыл етпейді.
Бұдан сырт, Алтынбек Ұтысханұлы “уағызшылар Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» пе?” деген пікірге жауап беріпті.
“Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» еместігін жеткіземіз. ҚМДБ-ның ресми қызметкерлерін «сәләфит» деп атау – дұрыс емес. Бұл – жамағат арасында түсінбеушілік, тіпті, бүлік тудыратын ауыр сөз. Ондай бүлікке жол бермеуіміз керек”
– дейді ол.
“Халық арасында «Асыл арна» телеарнасына, оның ұжымы мен басшылығына қатысты әртүрлі әңгіменің айтылып жүргені рас. Бұл мәселеде сіздердің пікірлеріңіз қандай? ҚМДБ «Асыл арнаның» діни мазмұндағы телеөнімдерін қадағалай ма?” – деген журналистің сауалына, дінтанушы былай депті:
“ҚМДБ мен «Асыл арна» телеарнасы арасында арнайы өзара ықпалдастық меморандумының қабылданғанын айтып кеткен жөн.
Біздің маманымыз, білікті имам Нұржан Таласұлы «Асыл арнада» шариғи редактор ретінде жұмыс істейді.
Оның миссиясы – эфирге шығатын телебағдарламаларды арнайы шариғи сараптаудан өткізу.
ҚМДБ-ның «Асыл арнадағы» өкілі телеөнімдерді қадағалап, тиісті нұсқаулықтар беріп отырады. Сонымен қатар, телеарнада «Матуриди мектебі» деп аталатын арнайы тележоба эфирден көрсетіліп келеді.
Мақсат – дәстүрлі сенім мектебімізді, дәстүрлі мәзһабымызды «Асыл арна» арқылы халыққа насихаттау. Бұл бағытта ортақ жобаларымыз бен қызметіміз жалғасын таба береді деп есептейміз.