Биыл жылу беру маусымына дайындық былтырғымен салыстырғанда сапалы жүргізілді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен жылу беру маусымына арналған брифингте ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов айтты.
Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
«Жалпы бүгінгі күні солтүстік өңірлердің барлығында жылу беру маусымы басталды. Әлеуметтік нысандардың барлығына жылу беріліп жатыр. Өңірлерден келген ақпаратқа сүйенсек, тұрғын үйлердің 80 пайызына жылу берілген. Ал кейбір аймақтарда күн әлі жылы, сондықтан ол жердегі объектілерге жылу енді беріліп жатыр. Мәселен, Қарағанды облысының Балқаш қаласында», – деп атап өтті ол.
Осы орайда комитет төрағасы биыл қанша қазандық жөндеуден өтіп жатқанын айтты.
«Жалпы қысқы кезеңге дайындық кестесі бойынша ірі энергия станциялары мен қазандықтарда 10 энергоблок, 58 үлкен қазандық пен 47 трубина жөндеу жұмысынан өтуі керек. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Қалған қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары бекітілген кесте бойынша қазан, қараша айларында аяқталады», – деді Сұңғат Есімханов.
Оның айтуынша, осы жылы қоймаларда рекордтық деңгейде көмір жиналған.
«Қоймаларда 4 млн 800 мың тонна көмір жиналды. Өткен жылға қарағанда 1,5 млн тонна көмір артық жиналып отыр. Бұл соңғы 4-5 жылда болмаған жағдай», – деді комитет төрағасы.