Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль “Канело” Альварес жекпе-жегінде төрешілер әділ шешім шығарды ма деген сұрақ әлі біраз уақыт сарапқа салынатыны сөзсіз. Алайда жұрт қанша талқыға салып, кімнің жеңгенін және кімнің жеңілгеніне байланысты деректер келтіріп, наразылығын білдірсе де спорт тарихында осы кездесудің қорытындысы тең болып қалады.
Бірден айта кетейік, Головкинге де, Альвареске де біраз соққы тиді. Бұл дегеніміз екі мықты, дәрежесі тең боксшылар жұдырықтасты деген сөз. Көптеген кездесуде боксшылар клинчке (құшақтау) көп барады, ал бұл кездесуде қос боксшыда ашық ұрысқа көшіп, көше төбелесі секілді біріне-бірі соққы дарытумен болды. Сол себепті де жекпе-жек бір деммен өте шықты.
Айта кетейік, Лас-Вегаста өткен жекпе-жек 12 раундтан тұрды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, Головкин барлық титулын сақтап қалды.