Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері Еуропаға ат басын бұрған қандастарымыз көп. Бірақ олар бізбен араласпайды. Себебі мұндағы бауырларымыздың көбі орыстілді болған соң, тіл табысу қиындау.
Жалпы, қазақстандық қазақтар кеңестік таным-түсінікте, ал біз еуропашамыз, ақыры, бәрімізді дін ортақтастырар деп ойлап едік, ол да себеп бола алмады
, – дейді Швецияда тұратын қандасымыз, сол елдегі Қазақ мәдениеті орталығын 18 жыл басқарған Махмұт Сарбас ҚазАқпаратқа берген сұқбатында ащы шындықтың бетін ашып. Сөйткен ол Қазақстаннан Еуропаға тоқтаған қазақтар туралы ойын ашық ортаға салады.
– Тамақты да, басқаны да мұсылман баласы болған соң, біздегі қазақтар ойланып, талғап жейді.
Ал Қазақстаннан келген орысмінезді жастарға бәрібір екен. Олар ойнап-күлетін жерді іздеп тұратын көрінеді. Тіксініп қалады екенсіз.
Бірақ бұған бола мен ренжімеймін, оларда мін жоқ, мін болса, сол жастардың әке-шешесінде, өскен ортасында.
Меніңше, жалпы, ұлтты, мемлекетті біріктіретін нәрсе болады десек, ол – ортақ дәстүр, ортақ дін, ортақ тіл. Осы үш ортақтықтан біртұтас ұлт, ортақ түсінік, Елбасымыз үнемі айтып жүргендей, бірлік, тұрақтылық қалыптасады. Әрине, ондай тұтастықтың басын балабақшадан бастау керек. Бұл дамыған Батыс елдерінде бар тәжірибе, – дейді ол.
Соған қарағанда қандасымыз қатты айтпаса да осы бір ауыз сөзімен Қазақстан ұлт тәрбиесінде қай жерден қателік жіберіп жатқанын нақты меңзеп берген секілді. Ұлт тағдыры үшін қателік жіберуге болмайтынын айтқан ол өз басынан өткен тәжірибесімен бөлісе отырып, ондай олқылықтарды қалай жоюға болатынын да өз сұқбатында мақтамен бауыздағандай етіп, көрсетеді. Одан ұққанымыз: бізге „қазақстандықпыз„ деп езеуреуді қою керек.
– Жас кезімде қазіргі кейбір адамдар секілді ұлтымды ұмытып, өзімді шведпін, швециялық азаматпын деп ойлағам. Бірақ есейіп, ес жиған соң, адамға не керек екеніне көзім жетті. Мына дүниеде толыққанды адам деген түсінік бар.
Толыққанды адам болу – өзінің тілін, салт-дәстүрін, дінін біліп қана қоймай, оларды жанымен сезініп, жүрегінде сақтау. Мен осы өмірде соны жақсылап ұғындым…
Менің әкем Иманғали Сарбас Шынжаңнан үдере көшкен елмен бірге, адам түгілі аспандағы құстың өзі ұшып өте алмайтын Гималай тауынан өтіп, шетел асты. Сондағы олардың мақсаты – қорасындағы малы немесе қара бастарының қамы емес-тін. Бейбіт өмір мен өз ұрпақтарының болашағы үшін күресу еді…
Ал енді мен неге бүгінгідей баянатты өмірімізде өз ұрпақтарым туралы талпынбауым керек? Қазақстан тәуелсіздік алған соң, мен осындай ойға келдім. Сөйтіп, бір қызымды Қазақстандағы ЖОО-да оқыттым. Оның нәтижесі жаман болған жоқ, бастысы, қызым өзі білмейтін ана тілін, дінін, дәстүрін білген толық адам болып шықты. Қазір Қазақстандағы Норвегия елшілігінде жұмыс істейді. Елге Түркиядан келген қазаққа тұрмысқа шықты. Олардың үш баласы бар, Астанада тұрады.
Демек, Қазақстанға келіп, ана тілін үйренуге толыққанды мүмкіндік бар. Ат басын артылтып, Махмұт ағамыз қызын жіберіпті, осында орнығып, жақсы боп жатыр екен. Ал осы мүмкіндікті осындағы орыстанып кеткен қазақтар неге пайдаланбайды дейсіз ғой. Заңды сауал. Мәселе неде?.. Сана-сезімде ме? Кеңестік психология мен батыстық психологияның не артықшылығы бар?..
Дамыған Батыстан тоқыраудан енді шығып келе жатқан елге қызын оқуға аттандырған Махмұт ағаның әңгімесін жалғай түсейік.
– Мен 2000 жылдары Еуропадағы оқуы, экономикасы дамыған елде тұрып, енді ғана тәуелсіздік алып, есін жиып келе жатқан Қазақстанға қызымды ақшасын төлеп оқытам деп алып келгенде көбісі таңғалған еді.
Бүгінгідей нарықтық заманда бұл бос шығын деп ойлады.
Бірақ менің қызым бірінші жылы ақылы оқығанымен, келесі жылы өз талпынысының арқасында грантты ұтып алды. Бес жылдан кейін ол өзі білетін ағылшын, швед тілінен өзге қазақ, орыс тілдерін игеріп қазақ еліне пайдасы тиетіндей маман болып шықты. Оған қоса осы жақта қалуына жол ашылды. Бұл, әрине, менің негізгі жоспарым еді.
Менің қалған үш балам қазір Швецияда тұрады. Екеуі отбасын құрған. Оларды жас күнінен бері жыл сайын бір айдай уақыт Түркияға әкеліп тұратынмын. Ондағы ойым – азанның дауысын естісін, құлағына сіңсін, өздерінің мұсылман екенін, қазақ деген ұлттың ұрпақтары екенін білсін дегенім еді. Қазірде сол отбасылық дәстүрімді жалғастырып келемін, – дейді ол.
https://kaz.365info.kz/rahat-boldy-shalakhazakh-khyzga-yjlengen-zhigit-nege-khuanady-276480