Тест тапсырған 88 мыңнан астам түлектің 84 пайызы шекті 50 балдан асса, 16 пайызға жуығы межеге ақыры жете алмапты.
ҰБТ бойынша 140 сұрақ келсе, соның 139 балын жинаған алматылық түлек – Саят Тасан өзінің емтиханға қалай дайындалғанын айтып берді деп хабарлады
КТК телеарнасы. Ол Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияны үздік болып аяқтап, “Алтын белгі” алыпты. Саят Тасан Сүлеймен Демирель атындағы университеттің заң факультетіне түскісі келеді екен. Ол бала кезінен заңгер болуды армандаған.
“Бірінші сыныптан бастап үздік оқыдым. Шешем “Алтын белгі” алған. Ол – мұғалім. Әке-шешем мектепте де, университетте де жақсы оқыған. Мен де, ағам да “Алтын белгі” алды. Бізді ешкім оқуға мәжбүрлеген жоқ”, – дейді Саят Тасан.
Саят ҰБТ-ға 2 жыл бойына қалтқысыз дайындалыпты. Оның пікірінше, ҰБТ сұрақ-жауаптарын сатып алып, оны жаттап алу деген ақылға қонымсыз. Керісінше, сол ҰБТ сұрақтарына қолданылған оқулықтар мен әдебиеттер тізімін алып, оны түсініп оқып алған, ең абзалы дейді ол.
“Не жайында оқып отырғаныңды түсінбесең, емтиханда барлығын да ұмытып қаласың. Сондықтан не оқып жатқаныңды түсінуің керек. Мәселен, мен әр сенбіде “Қазақстан тарихы”, “Дүниежүзі тарихы”, “Адам, қоғам, құқық” пәндері бойынша қосымша дайындалдым. Қосымша екі пән ретінде Дүниежүзі тарихы мен Адам, қоғам, құқық пәндерін таңдадым. Тестілеуге 3 сағат 50 минут берді. 3 сағат 30 минутта барлық сұраққа жауап бердім. Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтарына бірден жауап бердім, себебі жақсы білемін. Соңғы кезекте Адам, қоғам, құқық пәні бойынша сұрақтарға жауап бердім”, – дейді ол.
17 жастағы түлек Саят Тасан тестілеу қорытындысына не себепті көңілі толмағанын да айтып берді.
Саят ҰБТ-да оқу сауаты бойынша бір ғана қате жіберіпті.
“Тапсырма мынадай болды: мәтін беріледі, мен оны оқып, стилін анықтауым тиіс. Бұл публицистикалық стиль екен деп ойладым, сөйтсем, көркем стиль екен”, – дейді Саят Тасан.
Ол барлық сұраққа дұрыс жауап бере алмағанына өкінетінін айтты.
“Нәтижеге көңілім толмады. Біз 22-маусымда ҰБТ тапсырдық, кешке мұғалім хабарласып, 139 алғанымды айтты. Шешем қатты қуанды, мен қуанбадым. 140 балл жинағым келген еді. Барлығы мені максималдық балл жинайды деп ойлады. Бірақ бір ғана балл жетпей қалды. Өкінішті”, – дейді Саят Тасан.