Нұр-Сұлтан
Қазір
-13
Ертең
-6
USD
516
+0.32
EUR
536
-0.13
RUB
5.18
0.00

Шымкентте Елбасы дүркіретіп тұрып ашқан мұз сарайы саудаға қойылды

133

Осыдан 10 жыл бұрын өңірді басқарған Өмірзақ Шөкеев бұл сарайды мұз айдынына айналдырды. Жобаны жүзеге асыруға сол кезде 404 миллион теңге жұмсалған. Оның 33 пайызы қала кәсіпкерлерінің үлесі. Қалған қаржы жергілікті бюджеттен бөлінді. Екі жылға созылған күрделі жөндеуден ғимарат түбегейлі жаңартылған болатын.

Қыруар қаржыға қайта жөнделген нысан араға үш жыл салып тағы тоқырауға түсті. Қаланы басқаруға келген Қайрат Молдасейітовтің кезінде сарайды қайта жөндеуге қанша қаражат жұмсалғаны жайлы ақпарат əлі күнге дейін ашық айтылған емес.

Бір анығы, мұз айдыны біраз уақыт суы еріп, жаз бойы көлге айналды. Кезекті рет жөндеуге ұшырап, сарайға келушілерден көрі құрылысшылар қаптады. Содан бері кешен жаз бойы жабық тұрады.

Жөндеуден көз ашпаған спорт кешеніндегі олқылықтардан, төтенше жағдай саласының мамандары нысанның ашылуына рұқсат бермей қойған екен. Мердігерлер ғимарат шатырын өрттен қорғауды ұмытып кетіпті. Стандартқа сай келмейтін нысан шатыры жай темірмен жабылған.

Мұнда бір мезетте 100-ге жуық адам конькимен сырғанай алады. Сондай-ақ, қысқы спорттың бірнеше түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Мұз сарайында жас балалар қысқы спорттың бірнеше түрлерінен жаттығады.

Қаланың қақ ортасынан ойып тұрып орын алған спорт кешені “Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі” мемлекеттік мекемесінің меншігінде.

Шымкенттің бүгінгі əкімі Ғабидолла Əбдірахымов мұз сарайына айтарлықтай өзгерту енгізген жоқ. Жергілікті билік кешенді сатып тынбақ. Баспасөз қызметі бұл шараның жекешелендіруге қатысты Үкімет қаулысына сәйкес жүзеге асатынын жеткізді.

Мəдени нысанның бастапқы құны 996,9 миллион теңге. Ал сатып алуға ниет білдіргендер алдымен 68 млн теңгеден астам кепіл құнын төлеуге міндетті. “Шымкент қалалық спорт сарайы” ЖШС капиталының құны сауда барысында қымбаттайды деп жоспарлануда.

Мәдени-спорт кешенінің жалпы көлемі 6 мың шаршы метрден асады. Алып нысанның тек әкімшілік ғимаратының өзі 2 мың шаршы метрге жетердей жерді алып жатыр.

Бұл тек қана ғимараттың құны ғана. Яғни, жеке қолға құр ғимараттың өзі өтеді. Ал жері мемлекет меншігінде қалады екен. Жер телімі 49 жылға пайдалануға жалға берілген.

Мұз сарайының бүгінгі халі мүлдем мүшкіл. Соңғы үш жылдың өзінде мемлекеттік мекеме қарызға белшеден батқан. 2014 жылы мұз сарайы 10 миллион теңгеге шығын əкелген. 2015 жылғы берешегі 15 миллион теңгеден асып жығылған. Кейінгі екі жылдағы қарызы да осы жобада.

Шаһардағы зəулім ғимараттардың бірі қай дөкейдің меншігінде кететіні жақын күндері белгілі болмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз