Әзірбайжан халықаралық банкіне салынған халықтың ақшасы міндетті түрде қайтады. Бұндай мәлімдемені Зейнетақы қорының директорлар кеңесінің мүшелігіне енген Қайрат Келімбетов жасады. Енді миллондаған азаматтардың ақшасын Әзірбайжан банкі емес, үкімет өтеуі тиіс, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Қарызды банктен үкіметке жүктеу бойынша дауыс беру жақын күндері өтпек. Халықтың 71 млрд теңге зейнетақы жинағы кезінде Әзірбайжан банкіне Келімбетовтың өзінің пәрмен беруімен салынған-ды. Осы келеңсіз жәйттен кейін, Ұлттық банк енді жекеменшік зейнетақы қорларын қайтармақ ниетте. Қазір тиісті ұсыныс үкіметтің қарауында.
Десе де, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры халық ақшасын бір қолда ұстау құқығын өзіне қалдырып отыр. Салымшылар қормен арнайы келісім жасап, зейнетақы ақшасын Ұлттық банк арқылы алып шығып, жекеге салады. Бас банкир Данияр Ақышев бәсекелі ортада да халық ақшасының талан-таражға түспеуін қатаң қадағалаймыз деп сендіріп отыр.