Аягөздегі танк бригадасының тарихы тереңде жатыр. 1942 жылы негізі қаланған әскери құрылым Еуропадағы бірнеше қаланы фашистерден азат етуге қатысты.
Ал бүгінде тәуелсіз Қазақстанның қорғанына айналған бригадаға 2001 жылы Елбасының жарлығымен қазақтың хас батыры, дарабоз қолбасшы Қабанбайдың есімі берілген деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
Ал «Қазақтың Шумахері» атанып кеткен Марат Түсіпов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ғана емес, күллі Қазақ Елінің мақтанышы. Қатарынан 5-ші жыл ол Мәскеу түбіндегі «Алабино» полигонында өтіп жүрген танк биатлонынан жүлдесіз қайтқан емес. Тіпті қазақ сарбазының бұл шабысына қызыққан кейбір мемлекеттердің Қорғаныс министрлері жоғарғы жалақы мен баспана ұсынып, өз елдеріне шақырыпты. Марат та жауапты қысқа қайырған: «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»
Марат Түсіпов, Қабанбай батыр атындағы танк бригадасының механик-жүргізушісі:
– Танкке отырып, рычагқа отырып жүрген кезде өте бір жігерлі, күш пайда болады. Өзіміздің бұрынғы Қабанбай батыр аталарымыздың қалай ұрысқаны бізге де күш береді сол себептен осы жүлделі орындарды алып жүрміз, намысқа тырысқаннан. Құдай қаласа, биыл да халықаралық армия ойындарына, оның ішінде танк биатлонына, міне дайындық жүріп жатыр. Биыл да өте күрделі болайын деп тұр. Оған қарамастан осы жылы да жүлделі орын аламыз деген сенімдеміз.
Мараттың отбасында жас танкіші өсіп келе жатыр. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, батыр мінез, өр намыс та әкеден балаға мұра болғаны қуантады.
Марат Түсіпов, Қабанбай батыр атындағы танк бригадасының механик-жүргізушісі:
– 4 бітіретін ұлым бар, ол да әскери қызметші болғысы келеді. Сіз секілді танкіші болғым келеді дейді. Құдай қаласа, «Жас ұлан» мектебіне берейін деп жүрмін, әскери қызметші қылып.
Танкішілерде тыным жоқ. Күндіз-түні жаттығу. Алдағы жазда «Алабино» полигонында өтетін халықаралық сайыста көк туды биыл да биіктен желбіретуге аягөздіктер барын салып бағады. Ал әскерилердің өз міндеттерін атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Қалашықта тап-тұйнақтай тазалық. Былтыр 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл сайын әскерилердің баспана мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді. Алдағы уақытта тағы 4 үйді іске қосу жоспарланған.