ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ағымдағы кезеңде Қазақстан үшін мұнайдың қолайлы бағасын атады.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Барлық мұнай өндіруші елдермен трендте болғымыз келеді. Біз үшін 50 доллардан төмендемегені маңызды. Бюджет Brent маркасының 50 доллар құнымен белгіленді, сондықтан да мұнай өндіруді ұстап тұру бойынша аталған келісімді ұзарту мүмкіндігі тұрғысында келіссөздерді жүргізетін боламыз»,-деді Бозымбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
«Бұл мәселені талқылаймыз. Бірақ олардың келісіміне қандай шартпен қосылатындығымыз, қандай көлемді шектейтіндігіміз белгісіз. Осы мәселені талқылау үшін министрліктен мен немесе менің орынбасарларым 24-25 мамырда Венаға барады», – деді Бозымбаев.
Биылғы наурыз айында ҚР Энергетика министрі тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы экспорттаушыларға тиімсіз екенін атап өткен болатын. Егер де мұнай құны барреліне 60 доллардан асса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі елеулі көлемде артуы ықтимал.