Қызылордада су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық шарасы өтіпті. Атқамiнер азаматтар халық алдына шығып сөз сөйледi.
Алайда, қызықтың көкесі шараға орай әзiрленген баннердiң артында екен, деп жазады Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі.
Сурет авторы: Махмуд Байходжаев
Бұл өңірде кей студенттерді тірі тіреуіш ретінде пайдаланады екен.
Мына суретте баннерді тіреп тұрған жастардың шаршап, қолдары талып тұрғанын анық аңғаруға болады.
Бiр студент қиналғанына қарамастан қолындағы кітабын оқып тұр.
Тағы біреуінің ауыр баннерге тіреуіш боламын деп денсаулығы сыр бергенге ұқсайды, басын ұстап жерде отыр.
Бұл кезде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов алдына жиналған халыққа мейірімділік пен қайырымдылық жайлы, қиналған халыққа көмек қолын созу үлкен сауапты іс екені туралы жалынды сөздерін айтып тұрған еді.