Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев су тасқыны қаупі толық бақылауда екендігін мәлім етті.
Осы мәселеге қатысты жиында талқыланған дүниені әкім Fаcеbook-тегі жеке парақшасында егжей-тегжейлі жазды.
„Елорда әкімдігінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің өкілдерінің, Сәтбаев атындағы каналдың басшылығының және қаланың жауапты қызметтерінің өкілдерінің қатысуымен жедел баспасөз мәслихаты өтті. Мамандар Астана су қоймасында орын алған жағдайды түсіндіріп өтті.
– 13-15 сәуір күндері толассыз жауған жаңбырға байланысты Есіл өзеніне 340 млн текше метр көлемде су келіп толықты. Қазгидромет орталығының мамандары 100-160 млн текше метр көлемінде су келеді деп болжаған еді. Алайда күннің күрт жылынуына байланысты қардың еруі де жылдамдап кетті. Осы себепті тасқын су қоры күткен көлемнен мол болды, – деді ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіш.
Оның айтуынша, қазіргі сәтте мамандардың күш салуының арқасында 340 млн. текше метр судың 90 млн. текше метрі Астана су қоймасына бұрылды. Қалған 250 млн. текше метр су контр реттеушіге бағытталды.
17-сәуірде сағат 11-ден бастап 1 200 текше метрге дейін су келді. Бұл – өте жоғары деңгей. Кейін ағыс қарқыны 1 044 текше метрге түсті. Қазір Астана су қоймасына келіп жатқан судың көлемі секундына 150-200 текше метрді құрап отыр. Осы орайда оның барлығын су қоймасында сақтап қалу мүмкіндігіміз бар. Астана су қоймасының сыйымдылығы 410 млн. текше метр болса, онда қазір 385 миллион текше метр су толтырылған, яғни тағы 25 млн. текше метр жинай аламыз.
Осы сәтте жағдай бақылауда, Астанаға жақын маңдағы елді-мекендерді су басу қаупі жоқ.
Қазіргі таңда Астанада су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Олар атқарылатын жұмыстардың кешенді жоспарын жүзеге асыруда„ деп жазды Әсет Исекешев.