Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өрши түсуіне байланысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
«Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез келген қолдануын адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз», – делінген ҚР СІМ ақпаратында.
«Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы оппозициялық топтар арасында 2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген соғыс әрекеттерін доғару режімін сақтаудың және нығайтудың маңыздылығын атап өтеміз. Астана процесінің кепілдік беруші елдерін шиеленістің одан әрі өршуінің алдын алу үшін өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырамыз», – деп мәлімдеді Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы.
Қазақстан сирияаралық қақтығысты тек бейбіт жолмен, диалог және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік және барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі аясында Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға шақырды.
https://kaz.365info.kz/tokhaev-akhsh-tyn-siriya-askeri-bazasyn-shabuyldauyna-khatysty-pikir-bildirdi-257462
Бұған дейін Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде Сирияның әскери базасына жасаған АҚШ-тың авиасоққысынан кейінгі халықаралық жағдайға пікір білдірген еді.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың қарулы күштері Сирияның Хомс провинциясының аумағында орналасқан үкіметтік әскердің әскери базасына 59 зымыран жіберді. Зымыранды шабуыл Сирияның Идлиб провинциясына жасалмақшы болған химиялық шабуылдың жауабы болып табылады.