ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов өзінің Фейсбук парақшасында Санкт-Петербургтегі терактіге қазақстандықтың қатысы болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікірін білдірді, – деп хабарлайды Қазақпарат.
«Кейбір БАҚ-та 3-сәуір күні Санкт-Петербургтегі терактіні орындаушы Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. 3-сәуір күні жергілікті уақытпен 21:06-да Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулына алматылық Ирина Арышевадан телефон қоңырауы келіп түсті. Ол жарылыс туралы ақпараттан кейін Санкт-Петербург экономикалық университетінің 3-курсында оқитын өзінің ұлы, 09.08.1996 жылы туған Арышев Максим Витальевичтің байланысқа шықпай қалғанын айтқан. Санкт-Петербургте М.Арышев өзінің дос қызымен, әпкесімен және жездесімен бірге тұрады.
Туыстарының хабарлауынша, Максим соңғы рет 3-сәуір күні 14:30-да сабақтан шығып, Сенная площадь стансасынан Технологиялық институт арқылы үйге қайтып келе жатқанын хабарлаған», – деп жазды Әнуар Жайнақов.
Қазіргі уақытта Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулы теракті құрбандарын тану жүргізіліп жатқан ауруханада.
Астана уақытымен таңғы сағат 5.30 жағдайға сәйкес, құрбандар арасында Қазақстан азаматтарының жоқтығы анықталды.
“Максим Арышевтың Санкт-Петербургтегі терактіге қатысы бар деп айтуға әлі ерте. Оны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр». Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын», – деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.