Елордада Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған шаралар 5 алаңда және 10 тұрғын үй кешенінде өткізіледі, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
21-23 наурызда «Хан Шатыр» СОСО жанындағы алаңда үлкен этноауыл ашылады. Мұнда 19 киіз үй тігіледі, шығыс базары, сауда орындары, алтыбақан орнатылады. Әрбір киіз үйдің жанында Астана қаласының театрларының артистерімен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіледі.
Атап айтқанда, «Қорқыт» дәстүрлі музыка ансамблі, «Сарыарқа» халық аспаптары ансамблі, Астана қаласының қуыршақ театры, Астана қаласының ммемлекеттік академиялық филармониясының солистері және қазақстандық эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салады. Бұдан басқа, жиналған қауым қазақша күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сынды спорттық жарыстарға қатыса алады. Сондай-ақ, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында иттер жарысы мен төбет және тазылар көрмесі өткізіледі.
21 және 22 наурызда мерекелік бағдарлама «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда («Шабыт» ҚҰӨУ жанында), қалалық әкімдіктің жанындағы алаңда, Студенттік саябақта («Қазақстан» спорткешенінің аумағы) және «Жастар» театрының алдындағы аумақта (вокзал ауданы) ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер өтетін барлық алаңдарда киіз үйлер тігіледі, алтыбақандар орнатылады, спорттық жарыстар мен қазақстандық эстрада орындаушыларының қатысуымен концерттер өтеді, қонақтарға бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылады.
Киіз үйлерде қазақ халқының «Бата беру», «Тұсаукесер», «Айтыс», «Ұлттық ойындар», «Беташар», «Көрісу-амандасу», «Бесікке салу», «Ат қою» сынды дәстүрлері көрсетіледі. Астананың шет аумақтарында да мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Наурыздың 18-і мен 22-сі аралығында Наурызға орайластырылған концерттер мен шаралар Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино, Пригородный, Ильинка, Көктал-1, Көктал-2 және Өндіріс тұрғын алаптарында өтеді.
19 наурызда сағат 15:00 – 17:00 «Алау» мұз сарайында «Асық Party» асық ату жарысы өтеді.