«Сүйгенім мені жүкті етіп, қалаға қашып кетті. Артында жылап мен қалдым», деп бастапты әлеуметтік желідегі жазбасын Айдана деген жас қыз.
Оның аянышты тағдырын оқып шығып, біртүрлі болдым. Былай жазыпты:
«Маңдайыма жазылғаны сол болды ма, он бес жасқа толмай екіқабат болып қалдым. Қарабет болдым. Бәріне өзім кінәлімін. Кішкене кезімнен көрші үйде тұратын Еркін деген балаға ғашық едім. Ол менен үлкен. Былтыр әскерден келе сала үйленіп алған. Ол бала менің өзін жақсы көретінін білетін. Талай мәрте оңаша кездескеніміз бар. Бірақ мен кішкентай болған соң, ол жай әзіл-қалжыңнан аспайтын. Үйленген соң өзгерді. Әкесі әперген көлігімен бірнеше рет мені оңаша алып кеткені бар. Құшақтап сүйді. Жақсы көремін деді. «Мына әйелді әке-шешем қосты. Ұнатпаймын», деді. «Сен мектеп бітірген соң, аламын», деді.
Не істерімді білмедім. Өзіме қол сала алмадым. Баланы алдырып тастамақ болғанымда анам ара түсті.
«Болар іс болды. Қарабет атандың ба, атандың. Енді бәріне көн. Алланың берген дүниесі ғой, обал жасамайық», деді. Анамның айтқанына көндім.
Мені мектептен шығарып тастады. Қазір ай-күнім жақындап қалды. Әне-міне, 15-жасар ана атанамын. Мұны неге жазып отырмын? Қазір кәмелетке толмай жүкті болып жатқандар көп. Көбі алданып қалғандар. Соларға сабақ болсын деймін».
Айдана осылай дейді. Ал Еркін секілді жігіттер жас қыздарды осылай қорлап, тайраң басып жүре бере ме?
Аян Мырзабек