Президент Ішкі істер министрін де өзі тағайындайтын болды. Депутаттар Конституцияға енгізілетін түзетулерді қарау барысында ел президентінің осы өкілеттігін сақтап қалуды жөн деп тапқан, деп жазады sputniknews.kz.
Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес, президент қорғаныс және сыртқы істер министрлерін ғана дербес тағайындай алатын еді. Бірақ заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында депутаттар сондай-ақ президенттің ішкі істер министрін тағайындау өкілеттігін қалдыруды ұсынды.
“Ішкі істер министрлігінің азаматтардың, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың үшінші тармақшасында ел президентінің ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтап қалған жөн деп есептейміз”, — деді бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында заң жобасы бойынша комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Депутаттардың мақұлдауымен тағайындалатын министрлердің қатарына енді әділет министрі қосылып отыр. Айта кетейік, бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар конституцияға енгізілген түзетулерді қабылдады.
Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов