Ақтөбеде мектеп оқушысының өліміне қатысы бар деген күдікке іліккен Құлтановтар отбасы прокуратурадан араша сұрады.
Әйтеке би ауданының Милы ауылында адам қолынан қаза тапқан 7 жастағы Саян Жақсылықтың өлімі бір жыл болса да ашылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күдіктілердің арасында менің әйелім Гүлжамал Ысқақова да бар. Өткен жылы қайғылы оқиға болып, полиция қызметкерлері бәрімізден қан алды, арнайы аппарат арқылы тексерді. Бірақ ештеңе таппады. Үй ішін тінтіп, еденді көтеріп, әжетханамызды қазып тастады»,- дейді Асылбек Құлтанов.
Жауап алу жұмыстары өткен аптада қайта жалғасқан. Асылбек Құлтановтың айтуынша, соңғы жауап алу кезінде құқық қорғаушылар қылмысты мойында деп қорқытқан.
«Медициналық бекетке шақырып, үш сағат ұстады. «Мойындаңдар, жасырып отырсың» деді полиция қызметкерлері. Төрт баламыздың бар екенін, қылмыс ашылса олардың балалар үйіне жіберілетіні айтылды. Ертеңіне қайта келіп, түрмеге жабамын деді. Балаларым, әйелім ауру болды. Бізді осылай әурелей бере ме?»,- деді Асылбек Құлтанов.
Милы ауылының тұрғыны бұған дейін аудандық прокуратурадан араша сұраған. Енді, міне бүгін облыстық прокуратураға арызын қалдырды.