Қытайдағы I am a Singer музыкалық байқауында бақ сынап жатқан Димаш Құдайберген атақты актер Джеки Чанмен кездесті.
Бұл туралы Димаштың өзі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
“Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн! Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым!
Домбырамен бір күй шертіп беруімді өтінген Джеки Чанға Нұрғисаның “Әлқисасынан” шашу шаштым! Өз кезегінде актер маған соңғы “Kung Fu Yoga” кинокартинасындағы би қимылдарын үйретті. Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді! Келесі кездесуді асыға күтеміз! Армандар орындалады!.., — деп жазды ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетелік, кеше әншінің досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шаримов әлемдік деңгейдегі әнші Лара Фабианның Димаш Құдайбергенді кездесуге шақырғанын мәлім етті.
«Бүгін бізде қуанышты жаңалық! Димаштың әнін ғаламтордан тыңдаған атақты әнші Лара Фабиан әдемі тілектерін білдірді. Димаштың дауысына таңқалысын жасырмай, кездесуге шақырды!», — деп жазды Алпамыс өзінің Инстаграмдағы парақшасында.
Димаштың Қытайда өтіп жатқан телебайқаудың І-кезеңінде орындаған француз әнін Лара Фабиан кезінде марқұм француз әншісі Грегори Лемаршальмен бірге орындаған екен. Лара Фабиан Грегори Лемаршальды қатты құрметтеп, бауырындай жақсы көрген деседі.
Қалай дегенмен де әлемдік деңгейдегі өнер адамдарының Димашпен кездескісі келіп жатқанын, біз әлемдік шоу бизнес Димашқа құшағын ашуда деп жорығымыз келеді.