Қарағанды облысының Шет ауданында тұратын Қуаныш Хантөре – төрт әйелі бар қазақ. «Мен бір әйелмен ғана тұра алмаймын, менің жүрегімнің кеңдігі көп әйелге жетеді дейді өзі.
Иә, төрт әйелді Қуаныш Хантөренің қазір 15 баласы бар. Оның 12-сі өз кіндігінен тараған. Отағасы бүгінде 19 немере сүйіп, өңірдегі өнегелі отбасының біріне айналған. Былтыр Қуаныш Хантөре аудан орталығынан екі қабатты үлкен үй салған.
Осы үлкен шаңырақ бүгінде біздің Астанамыздай болып отыр, деп қалжыңдайды отағасы.
Екі әйелі мен барлық балалары осы үйде тұрады. Қалған екі әйелі қыстауда түтін түтетіп отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын отағасы «бар жиған-тергенім төрт жұбайымның балаларын асырауға жетеді, Алланың берген несібесі» деп, бүгінгі күніне шүкіршілік етеді.
Алғаш рет 22 жасында отау құрған Қуаныш Хамитұлы 38 жасында тоқал алыпты. Үшінші рет төрт баламен жесір қалған құдашасын алған. Төртінші әйелі – қайтыс болған үзеңгілес досының екі баламен қалған жесірі.
«Қиын-қыстау кезеңде жесір қалған келіншекке көмектесіп жүріп, оған біржола қамқор болу үшін некелі жарым етіп алуды жөн көрдім», дейді ол. Осылайша отағасы төртінші әйелмен некелесіп, жұртты таң қалдырған.
Қуаныш Хантөренің сөзінше, бұрынғы заманда қазақ халқында қарттар үйі, жетімдер үйі деген ұғым болмаған. Біз жетімді жылатып, жесірімізді қаңғытпаған елміз. Сондықтан Шариғат жолымен жесір мен жетімге қамқор болуға тырысып, кеңдік танытыпты.
«Бүгінгі қоғамда, әсіресе қазақтар ішіп-жеуді ғана алға қойып, Аллаға сену, құлышылық етуді екінші орынға қояды. Соның салдарынан біздің қоғамда адасып жүрген адамдар аз емес.
Көп қазақ төсек пен тамақтан басқаны ойлай алмай қалды.
Менің жаным қазақ, қаным қазақ! Сондықтан бүгінгі қоғамда керексіз болып жатқан жетімдер мен жесірлердің жағдайы жаныма қатты батады, жүрегім ауырады»,
– деп ағынан жарылды отағасы.
Шыны керек, қазір елімізде бір-екі баланы тәрбиелей алмай, ажырасып жатқан жастар толып жатыр.
Ал Қуаныш Хантөре бүгінде аудан жұртына ғана емес, бүкіл Қарағанды өңірінің танымал тұрғыны.
«Қазір маған ешкім алабөтен көзбен қарамайды. Керісінше, үлгілі шаңырағым мен өнегелі ұрпақтарыма қарап, жұрт сыйлай бастады. Шариғат жолымен төрт әйел алдым. Кейде түрлі ауыл-аймақтан жастар келіп «жолыңызды берсін» деп, менен бата алып кетеді», дейді.
Ал ауылыңызда сіздің жолыңызды қуып, тоқал алғандар бар ма, деген сауалға отағасының жауабы мынадай болды:
«Жұрттан жасырып тоқал алғандар бар шығар, бірақ мен сияқты жұртқа жария етіп үйленіп жатқандарды естімедім».
Арайлым Сатыбалдықызы,
Қарағанды