Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияёев 25 қаңтарда елдің алғашқы президенті Ислам Кәрімовті мәңгі есте қалдыру туралы қаулы шығарды.
Қаулы бойынша, Өзбекстанда бірнеше мекеме мен нысанға, оның ішінде Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне, Асактағы көлік құрастыру зауытына, Ферғанадағы Өнер сарайына, Ташкенттегі халықаралық әуежайға, Қарақалпақстан, Ташкент пен бірнеше қалалардағы орталық көшелерге Кәрімовтің есімі берілмек. Құжатта сонымен қатар Самарқанда Ислам Кәрімов жерленген жерге мемориалды кешен тұрғызылатыны айтылған.
Мирзиёевтің жаңа қаулысы бойынша, Өзбекстанда жыл сайын 30 қыркүйекте Кәрімовтің туған күні тойланып, 2 қыркүйек Тұңғыш президентті еске алу күні деп жарияланады. Өзбекстан билігі мемлекеттік БАҚ-ты Кәрімовті еске алумен байланысты шаралардан хабар таратуға міндеттеді.
Өзбекстанды 1989 жылдан бері 27 жылға жуық уақыт басқарған Ислам Кәрімов 79 жасында қайтыс болды. Оның өлімі туралы алғашқы хабар 2016 жылы 29 тамызда шықты. Кәрімовтің қайтыс болғаны туралы ресми түрде 2 қыркүйекте хабарланды. Каримовтің өлімінен соң президент міндетін уақытша сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзиёев атқарып, кейін ол президент болып сайланды.