Атырауда ажырасу процесі жүріп жатқан кезде отбасын сақтай алмағанына ашынған ер адам әйеліне, одан соң өзіне пышақ жұмсаған. Салдарынан өзі тірі қалып, әйелі өліп кеткен.
Әйелін өлтірген адамды сот 11 жылға соттау туралы үкім шығарды деп хабарлады Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 2016 жылдың 4-шілдесінде орын алған. Келіншек қызын балабақшаға кіргізбек болып тұрғанда ажыраспақ болған күйеуі келіп, олар ортақ мүлікті бөлу жайында сөйлесіп, араларында өзара келіспеушілік туындайды.
Отбасын сақтай алмаған ер азамат сол арада әйелін бірнеше жерден пышақтап, артынша сол пышақты өзіне жұмсайды. Алайда еркек тірі қалып, 43 жастағы әйелі есін жимастан, жан сақтау бөлімінде көз жұмған.
Сот үкімімен С.А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 1-бөлігі, яғни «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», сондай-ақ 99-баптың 1-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» бойынша қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, «қатаң» режимдегі түзеу колониясында 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.