“Терроримзге қарсы заңды әзірлеген жұмыс тобында болғам. Тіркеу туралы тармақты ұзақ талқыладық. Бір шешімге келе алмадық. Өз басым қарсы болдым. Дауы көп еді, дақпырты одан да асып түсті. Ішкі істер министрлігі қоймады. Болмады. Тыңдамады. Тіркеу туралы тармақты қабылдау керектігін дәлелдеп бақты. Біз өз дегенімізді айттық. Ділдік, дәстүрлік тұрғыдан халықтың қарсылығына ұшырауымыз мүмкін екенін жеткіздік. Біз де адамбыз ғой. Елдің ішінде жүрміз. Жұрттың көңіл күйін білеміз” деді ол.
Тұздық
Осы тіркеуге қатысты “үйге учаскілік полицейлер келсе есік ашпай қоюға құқым бар ма?” деген журналистің сауалына Қасымов: “Жарайды, ашпай-ақ қойыңдар. Бірақ біз басқа амалын табамыз” деп жауап беріпті…
Тайжан неге үндемеді?
Заңды жалғыз шенді-шенеуніктер қабылдамаған. Талқылауға қоғамға танымал тұлғалар да шақырылыпты. Арасында Мұхтар Тайжан, Зәуреш Баталова бар. Тіпті ЖСДП-да келген. Заңның алғашқы оқылымда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин “Жеті рет өлшеп бір рет кестіңдер ме? Сөздерің дәлелді ме?” депті.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов бұған былай жауап берген:
“Дайынбыз ғой, дайынбыз. Ешқандай проблема жоқ. Азаматтарға да проблема жоқ. Біз үшін кімнің қайда тіркелгенін, қайда жүргенін, кіммен жүргенін білу маңызды” депті.
Террористер тіркеле ме?
Ахмед Мұрадовтың айтуынша, тіркеуге қатысты қалжың да айтылған.
“Террористер тіркеліп барып, теракт жасамайды ғой” депті депутаттар.
“Айттым ғой, алтау ала болды. Төртеу түгел болмады. Заңның шикі екенін білдік. Сол күйінде кетті. Қазіргі дүрлігу соның салдары. Халық тұрмақ, осы заңды жүзеге асыратын органдардың өзі дайын емес” дейді депутат.
Мұрадов осыған байланысты Шымкентке жүрмек.
“Ол жақта бір апта болам. ЦОН-дағы жағдайды барлаймын. Егер жаңа заңға халықтың көңілі толмай жатқанына көзім жетер болса, әрі қарай не істеу керектігін қарастыратын боламыз. Керек болса, тіркеу туралы тармақты алып тастауымыз да мүмкін. Заңдағы кемшіліктер халыққа кесірін тигізсе одан не пайда?” дейді Мұрадов.
Депутат Сейдуманов: “Бізге де тіркелу керек”
Сейдуманов та ішінара әріптесін қолдап отыр.
“Уақытша тіркеу халыққа қолайсыздық туғызып жатыр. Айналып келгенде, бәрі осылай боларын болжағам. Біздер, депутаттар басқа қалада тіркелгенбіз. Демек, бұл бізге де әуре-сарсаң. Дегенмен, бұл заң бірінші кезекте үйін жалға берушілер мен жалға алушыларды машақатқа салмақ. Қарапайым адамдарды мазалай қоймас. Есесіне терроризммен күрестің жаңа тәсілін табамыз” – дейді ол.