Ақмола облысында 1-қаңтарда Көкшетаудағы ірі сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат бар деп хабар таратқан күдікті ұсталды.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Жедел-тергеу тобы бірден оқиға орнына барды. Ғимаратты тексеру кезінде қауіпті немесе жарылғыш заттар табылған жоқ. Адамдар эвакуацияланған жоқ”, – деді Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Кейінірек полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысы Сарыбұлақ ауылының осыған дейін сотты болмаған 26 жастағы тұрғынын ұстады. Айта кетейік, ұсталған ер адам өз кінәсін мойындады.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бапқа сәйкес, ер адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.