Астана әкімдігі жаңа жылға зейнеткерлерге тегін сыйлық таратады деген дақпырт шындыққа еш жанаспайды.
Бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.
Астана әкімдігі WhatsАpp арқылы жаңа жылға зейнеткерлерге тегін сыйлық таратады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Астана әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
“Жалған ақпарат таратқан адамға қылмыстық жаза қарастырылғанын баса айта кетелік. Астана халқы мен қонақтарын ресми дерек көздерден тараған нақты ақпаратқа сүйенуге шақырамыз”, – делінген хабарламада.
Дегенмен Астана қаласы әкімдігі желтоқсанның 1-нен 31-не дейін «Астана – мейірімді қала» атты жалпы қалалық қайырымдылық шарасы өтіп жатқанын еске салады. Оның мақсаты – әлеуметтік осал топтар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагері, барлық топтағы мүгедек жандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар, обыр дертіне шалдыққан балалар, ДЦП және туберкелез дертіндегі балалар сынды әлеуметтік жеңілдік қарастырлған барлық азаматтардың көңілін аулап, жақсылық жасау.
Бұл шара 2016 жылдың 31-желтоқсанына дейін жалғасады. Астана әкімдігінің бастамасымен осы мақсатта көпбағытты шұғыл байланыс желісі ашылған: 8 (7172) 55- 66- 55. Бұл нөмірге хабарласу арқылы белгілі бір адамға көмек көрсетуге болады.