Жасыратыны жоқ, қазір «екінші әйел болғым келеді» дейтін қыздар өте көп. Алғашында түсінбейтінмін, «неге өздеріңді екінші сортқа жатқызасыңдар» деп, сөйтсем көп жағдайда екінші әйелдің көп жауапкершілігі жоқ болады екен, ері көп бала тап деп те мазаламайды екен.
Есесіне, қымбат сыйлықтар көп сыйланады екен. Оған жан жағымдағы екінші әйел болып жүрген қыздардың өмірі куә. Мен де тоқалдыққа қарсы едім. Бірақ қазір өмірде кейбір нәрселерді уақыттың сұранысына қарай өзгертуге болады деп санаймын. Мәселен қазір қоғамымызда жасы 27-28 ден асқан қыздар өте көп. Тұрмыс құрғысы келмейді емес, келеді тек шаңырақ көтерейік деп сенімді түрде айта алатындары жоқ. Менің де жасым биыл 31-ге келді. Тұрмысқа шыққым келеді.
Осындайда ойлаймын, тоқал алуға неге рұқсат етпеске, ең болмаса балама әкесінің тегін алып бере алар едім, өзім туыстарымның алдында жолдасым деп те таныстыра алар едім. Тоқал алуға рұқсат беру талай жанбай қалған шырақтың жануына себеп болар еді. Шаңырақтардың себепсіз бұзылуының алдын алар еді. Сондықтан тоқал алуға рұқсат берсек, қоғамдағы бір мәселенің шешілгені болар еді.
Осындайда айта кетер жайт құрбым да біреудің тоқалы. Жақында әлгі ер адам көлік алып берді. Естуімізше өз әйелі әлі көлікке отырмаған көрінеді. Өз әйелінен бұрын тоқалына көлік сыйлауынан-ақ оның кімді артығырақ жақсы көретіні көрініп тұр. Шынын айтайық қазір тоқалы жоқ, ер адам қоғамымызда кемде кем. Тек заңды түрде рұқсаттың жоқтығы оларды қинайтын сияқты. Сондықтан тоқал алуды заңдастырсақ дұрыс болар еді.
Лаура, Қаскелең қаласы
Дереккөз: Алаш айнасы