Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев еліндегі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, елдің дамуында олардың рөлі зор екенін атап өтіп, жалған ақпаратқа жол бермеуге шақырды.
«Қоғамның көңіл-күйі сіздердің кәсібиліктеріңізге, шынайы ақпарат берулеріңізге байланысты. Сіздер қоғамдық пікірді қалыптастырасыздар. Сол үшін дұрыс ақпарат беру сіздердің жауапкершіліктеріңізде», – делінген президенттің құттықтау сөзінде.
«Орталық Азияда сөз бостандығы жағынан Қырғызстан алдыңғы қатарда екені ешкімге жаңалық емес. Бір жазушы айтқандай: (Жарко Петан – словениялық жазушы, сценарист, режиссер): «Жарқын болашақтың қамын саясаткерлер ойлайды, өткеннің жақсылығы туралы тарихшылар, қазіргі жарқын өмір туралы журналистер қам жейді». Журналист халық үшін әлемдегі оқиғаның, ақпараттың, жаңалықтардың гиді», – деген президент.
Осыларды айта келе президент елдің болашағы үшін журналистерді жалған, өсек сөздер мен дәлелденбеген ақпаратқа жол бермеуге шақырды.