Атырау қаласы №2 сотының тергеу судьясы 1971 жылы туған М.-ге қатысты 10 тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді, деп хабарлайды Атырау облысы сотының баспасөз қызметі.
– Ол Атырау қаласының М.Өтемісұлы көшесі бойындағы «Аманжан» дүкеніндегі азық-түлік пен ақшаға қол жеткізу үшін Өзбекстан Республикасының азаматшасы болып табылатын дүкен сатушысын балта мен пышақты қолданып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, – делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот психикалық дертке шалдыққан азаматтарға бұлтарпау шарасы қолданылмайтынын ескере отырып, оның ауруы жөнінде нақты мәлімет белгі болғанға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қысқа мерзімге белгіледі.