Астана қаласының жер қатынастары мен тұрғын-үй басқармаларының жетекшілері тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.
Себебі аталған екі органда жемқорлық әрекеттерге себеп болатын жасырын мемлекеттік қызметтер көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Олардың ішінде жер қатынастары басқармасы мен тұрғын-үй басқармасы бар. Мәселен, жер қатынастары басқармасында 4 жасырын мемлекеттік қызметтер анықталды. Ал тұрғын-үй басқармасында 1 жасырын қызмет бар болып шықты.
Ал «жасырын мемлекеттік қызмет» деген не? Ол түр-тұрпаты жағынан мемлекеттік қызметке жатса да, мемлекеттік қызметтердің реестріне кірмейді. Бұл дегеніміз, оған қатысты стандарт та жоқ, регламент те белгіленбеген деген сөз. Демек, ондай мемлекеттік қызметті көрсетуге заңнамалық негіз жоқ. Міне, дәл осындай жасырын қызметтер жемқорлық әрекеттерге жол ашады.
Осы орайда айта кетейін, жақын арада біз осы материалдарды этика бойынша арнайы кеңестің талқысына шығарып, аталған екі басқарманың бастығын тәртіптік жазаға тарту мәселесін көтеретін боламыз», -деді Роман Ким Астанада өткен жиында.