Қазақстанда қылмыс көбейіп бара жатыр. Әсіресе, көшеде жасалатын тәртіпсіздік артқан.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Яғни, қарапайым адамдарға тура орталықта шабуыл жасалып, тоналуда. Әсіресе Астана, Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай алаңдатарлық. Тағы бір айта кетерлігі – қарақшылықпен айналысатындар ішінде мектеп оқушылары көбейген. Сабақ оқып, білімін жетілдірудің орнына жеткіншектер көше тәрбиесін алып, кісі өлтіруге дейін барып жатыр. Ал Ішкі Істер министрі мұнымен жалғыз полицейлердің күресуге күші жетпей жатқанын ашық мойындады.
Соңғы кездері жұртты дүрліктірген терактілер мен жантүршілерлік қанды оқиғалардан кейін Ішкі істер министрлігінің сылбырлығына қатысты көп сын айтылған. Сондықтан қыспаққа тап болған еліміздің бас полицейі Үкімет отырысында Қазақстанда қылмыстың неліктен күрт көбейіп кетуін түсіндіруге барынша тырысып бақты. Қасымовты әсіресе, қылмыскерлер арасында оқушылардың артуы шошындырып отыр.
-Жасөсіпірімдер ұрлық, қарақшылық жасап қана қоймай, кісі өлтіріп жатыр. Соңғы жылда ауыр қылмыс істейтін жеткіншектер қайта көбейіп кетті. Әсіресе, қылмыс Астана, Алматы қалалары, Атырау, Павлодар мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында көп, – дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Қылмысты ғана емес, Ішкі Істер министрлігі жантүршігерлік апаттарды ауыздықтай алмай отыр. Күре жолдарда қырылған жолаушылардың саны Сириядағы соғыстан өлгендерден көп. Әсіресе, Оңтүстіктің жолдарында үлкен-кіші жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен жер жастануы азаяр емес.
Мұндай сорақылықтың алдын-алу үшін Білім министрі алғашқы әскери дайындық сабағына жол ережесі пәнін қосып оқытуды ұсынды. Алайда оқушылардың тағы миын ашытқаннан ештеңе шықпайды дегендер де табылды. Ал Ішкі Істер министрі ұры-қары мен қарақшыларды ізін суытпай ұстау үшін көшелердегі камералардың санын көбейту керек деп отыр. Бірақ, бұған да бюджеттің миллиондары керек. Қасымов жаңа технологияның мақтауын асырғанымен, баскесерлер оны айналып өтудің жолын әлдеқашан тауып алған.