Алматы әуежайының жұмысы орын алған төтенше жағдайдан соң бір сағат ішінде қалыпқа келіп, қайтадан жанданды. Төтенше оқиғаның салдарынан 6 рейс белгіленген уақытынан кешікті. Оның үшеуі ішкі бағыттар болса, ал қалған үшеуі – халықаралық.
Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
„3-қазанда Алматы-Тбилиси бағыты бойынша Эйр Астана АҚ-тың №141 рейсіне жолаушыларды тіркеу кезінде бір адамның сөмкесінен күдікті сұйықтығы бар ыдыс анықталды. Авиация қауіпсіздігі қызметкері күмәнді ыдысты жүгіңізден алып шығып, көрсетіңіз дегенде, жолаушы шалт қимылдап, оны қоқыс жәшігіне лақтыра салды. Сынған банктен улы сұйықтық жерге төгілді. Дереу әуежай басшылығы, қауіпсіздікке жауапты қызмет, Алматы қаласының төтенше жағдайлар қызметі, полиция және басқа да жауапты орындар бұл ақпараттан құлағдар етіліп, аяғынан тік тұрғызылды.
Бірден әуежайдағы жолаушылар, терминалдағы қызметкерлер сыртқа эвакуацияланды. Қазіргі уақытта Алматы халықаралық әуежайының барлық қызметі қайтадан жанданып, іске кірісті. Құқыққорғау органы бұл фактіге қатысты тергеу жүргізіп жатыр„ делінген әуежай баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске сала кетелік, бүгін, 3-қазанда шамамен таңертеңгі 9:30 уақытында Алматы әуежайында төтенше жағдай орын алды. Тексеру кезінде сасқалақтаған қаскөй улы металл сұйықтық – сынабы бар банкті қоқыс жәшігіне лақтырып, ол төгіліп, адамдардың денсаулығына қауіп төндірген. Алматы-Тбилиси ұшағына сынапты алып өтпек болған 38 жастағы қазақстандық екені де хабарланған.