Соңғы бір-екі айдан бері қазақ эстрадасында өзіндік орны бар Алтынай Жорабаева мен оның жұбайы, белгілі актер, режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың ажырасып кеткені туралы әңгіме желдей есуде.
Бұған Алтынайдың таяуда ғана төрт қызымен бірге Астана қаласына қоныс аударуы себеп болған сияқты деп жазады Замана басылымы.
Өйткені олар Instagram-ға өздерінің бірге түскен фотосуреттерін, табиғат аясында серуендеп жүрген отбасылық суреттерін жиі салатын. Ал соңғы айларда жеке парақшаларынан әлгі суреттердің барлығы да өшіріліп тасталған.
Бүгінде Сәбиттің де, Алтынайдың да әлеуметтік желідегі оқырмандары екеуінің қарым-қатынасы жайлы әртүрлі пікір жазудан жалығар емес.
Ал шын мәнісінде бұл жұлдызды жұптың арасында не болды? Ажырасқандары рас па?
Біз осы сұрақты әнші Алтынай Жорабаеваның өзіне қойып едік, ол бізге: «Бұл мәселеге байланысты ештеңе айта алмаймын. Себебі ол әр адамның жеке өмірі», – деп жауап берді.
Бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын басқарып отырған Сәбит Әбдіхалықов та жауап беруден бас тартты. Әңгіменің түп-төркінін бірден түсінген ол: «Бұл тақырып жөнінде ештеңе айтпаймын. Мен елге «отчет» беретіндей ақымақ емеспін», – деп қысқа қайырды.
Осылайша жұлдызды жұптың отбасылық мәселесіне қатысты сұрақ басы ашық күйінде қалды.