ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы облысы аумағынан «Қорғас ісі» бойынша халықаралық іздеуде болған соңғы күдікті Бекболат Қайырбаевты құрықтады.
Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, ол – ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Талғат Қайырбаевтың туған бауыры. Бекболат Қайырбаев ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату мақсатында құқық қорғау органдарындағы жоғары лауазымды тұлғаларды сатып алу жоспарын жүзеге асыруда байланыстырушы буын болған.
Бекболат Қайырбаевқа 2012 жылдың наурызынан бастап іздеу жарияланған-ды.
Қазіргі уақытта ол Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулағышына қамалды.
Айта кетерлігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Қорғас ісіне» қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың іздеуде болған барлық мүшелерін құрықтады.
Еске сала кетелік, «Қорғас ісі» бойынша 45 адам сотты болған. Олардың 43-і қамауға алынған-ды. Айыпталушылардың көпшілігі кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жоғары лауазымды шенеуніктер болған.
Сот пікірі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен тауарлар өткізіп отырған. Іс материалдарында аталған қауымдастықтың «аса ірі көлемде экономикалық контрабанданы өткізгені» айтылған.
Бұл істегі басты тұлғалар – Талғат Қайырбаев бас бостандығынан 16 жылға, ал Бақыт Отарбаев 13 жылға айырылды.