Ұлттық бренд бойынша жұмысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сайтына жолдау керек. Өтініммен бірге логотип, ұран, еркін формада жазылған және жұмыстың мәні мен мазмұнын ашып көрсететін қысқаша тұжырымдама жолдануы тиіс.
Конкурстың жеңімпазына 5 миллион теңге сыйақы тағайындалған деп жазады ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында.
„Бүгін Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі конкурс басталады. Байқауға ұсынылған жұмыстарды жинақтау министрлік сайтында (http://mic.gov.kz/kk/competition) бір ай бойы жүргізіледі. Өтініммен бірге логотип, ұран, еркін формада жазылған және жұмыстың мәні мен мазмұнын ашып көрсететін қысқаша тұжырымдама жолдануы тиіс„ деп жазады министр.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші – интернетте дауыс беру. Өтінімдерді жинаудың қорытындысы бойынша 15 күн ішінде жұртшылық олардың арасынан үздік дегенін таңдайды.
Екінші – интернетте дауыс беру нәтижесінде іріктелген үздік жұмыстарды (ең көбі 10 жұмыс) сарапшылық кеңес алдында таныстыру. Кеңеске танымал қоғамдық және саяси қайраткерлер, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, сонымен бірге отандық және халықаралық сарапшылар енеді.
Байқауға мамандығына, заңды мәртебесіне, жасы мен азаматтығына қарамастан, кез келген адам қатыса алады.